Бруцеллез

Бруцеллез - барлық жануарларға, адамға жұғатын инфекциялық ауру. Соның ішінде ұсақ және ірі қара малдарда негізгі орын алады. Түйелер, жылқылар және басқа жануарлар ішінде сирек кездеседі.
Бруцеллезбен ауырған мал негізгі ауру таратушы болып табылады. Бұл аурудың қоздырғышы ауру мал организмінен сүт, несеп, нәжіс арқылы сыртқы ортаға таралады. Бруцеллезбен ауырған мал немесе осы аурудан таза емес мал табыны орналасқан мал қорасы, аула, жайылым, немесе басқа да аумақтар бруцеллездің індет ошағы болып табылады.
Қой мен ешкі бруцеллезі жұғымтал. Бруцеллез микробтары ауырған малдың қи, тезегі арқылы сау малдарға, малшыларға жұғады. Бруцеллез ауру мал іш тастағанда және төлдегенде тарайды. Бруцеллез адамға көбінесе жазғытұрым кезінде жұғады, яғни малдың төлдеуі кезінде және сүт маусымында. Бруцеллезбен ластанған өнімдер және малдан алынатын шикізаттар, жануарларды күтуге арналған жабдықтар, жемшөп, төсеніш, су, топырақ, малды қарайтын адамдардың киімдері басты жұқтыру факторы болып табылады.
Аурудың қоздырғышы адамның ағзасына ішек-қарынның шырышты қабығы, несеп-жыныс жүйесі, көз жасы, зақымдалған тері арқылы жұғады.
Аурудан қорғану үшін адамдар жеке гигиенасын сақтауы тиіс. Малды өсіргенде, бағып күткенде ветеринариялық - санитарлық талаптарды дұрыс орындамау, соның нәтижесінде жануарлардың ауруға төзімділігінің нашарлауы, уақытылы шу мен тастанды төлді жинамау, көңді тазаламау, дезинфекцияны уақытында жасамау бруцеллездің жұғуына жағдай туғызады.
Бруцеллездің кең тарауына ауру жануарлардың уақытында оқшауланбауы, әртүрлі малдардың қосылып бағылуы, ветеринариялық-санитариялық іс-шаралардың орындалмауы, малдардың тығыз орналасуы себеп болады.