Аусыл ауруы

Аусыл - жылқыдан басқа жануарлардың барлығында кездесетін, яғни ірі қарада, қойда өте жіті түрде өтетін қатерлі індет түрі. Аусылмен ауырған малдың көзі жасаурап, аузынан сілекей ағады, күлдіреуіктер пайда болады. Аусыл негізінен ауру малдан жұғады. Індет жылдың кез-келген маусымында кездеседі. Аурудың жасырын кезеңі бір тәуліктен 7 күнге дейін созылады. Жас бұзаулар мен тайыншалар арасында ауру жіті немесе зілді түрде өтеді. Аурудың клиникалық белгілері тілдің, ұрттың, жоғарғы және төменгі еріндерінің ішкі жағында, желіннің, тұяқ арасындағы терілерде афталар пайда болады. Біраздан кейін олар жарылып зақымдануға ұшырайды. Жануардың дене қызуы көтеріледі, жағдайы нашарлайды,азыққа тәбеті нашар болады. Ауру асқынған кезде малдың тілі аузына симай, салақтап шығып кетеді,аузынан көпіршіген шұбырынды сілекей ағады. Мал арасында аусыл шығатын болса, ауру шыққан жерге карантин қойылу керек.Бұл уақытта шаруашылықтан мал шығарылмайды және басқа жақтан әкелінбейді!